Түркістан облысында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Анасына қызы бауырын бөліп берді.

48 жастағы Ульяна Нурметова бауыр циррозымен науқастанып келген. Содан 2019 жылдан бастап гастроэнтерологтың бақылауында болды. Оған Child-Turcotte-Pugh жіктемесі бойынша В класты вирус этиологиялы бауыр циррозы диагнозы қойылған. Науқас әрдайым амбулаторлық және стационарлық ем қабылдап жүрген. Дегенмен, соңғы кездері гипертензиямен, ісінумен, гиперспленизм синдромымен асқынып, науқастың жағдайын қиындата түскен.

Бауыр трансплантациясы Түркістан облыстық клиникасының базасында ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мен академик Б.Баймахановтың жетекшілігімен өтті. Операция шеңберінде В.Мутагиров, М.Жұмабекова (анестезиологтар), М.Досханов, С.Тілеуов, Ж.Оспан (хирургтар) және облыстық клиникалық аурухананың мамандары белсенді жұмыс атқарды. Донор ретінде науқастың 19 жастағы қызы Эльвира Сахавитдинова анасына бауырын бөліп берді.

- Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең ауыр асқынуларсыз өтіп, трансплантацияланған органның қызметі біртіндеп тұрақталып келеді. Бұл операция аймақ тарихындағы алғашқы бауыр трансплантациясы болды және Түркістан облысында трансплантология саласының дамуына жаңа мүмкіндік ашты, - делінген Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 89 жастағы пациентке күрделі ота сәтті жасалғанын жазған болатынбыз.