Түркістан облысында «Балуан тас сапары» экспедициясы басталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – 18–21 наурыз аралығында Түркістан облысында «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында «Балуан тас сапары» экспедициясы өтеді.

Түркістан облысында «Балуан тас сапары» экспедициясы басталды
Фото: arqau.kz

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын мәдени-танымдық жоба ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған. Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы жүзеге асырады.

Сапар бағыты Шымкент қаласы мен өңірдің бірқатар аудандарын қамтиды. Атап айтқанда, қатысушылар Сайрам, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Созақ, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын аралайды.

Жоба авторының айтуынша, экспедиция мазмұны ауқымды әрі көпқырлы.

– Экспедиция барысында біз 13 тарихи балуан тас нысанын зерттеп, қазақтың дәстүрлі күш мәдениетіне қатысты деректерді зерделейміз. Бағдарлама аясында бірқатар киелі орындарға зиярат ету жоспарланған. Сонымен бірге сапар аясында Отырар ауданының Шәуілдір ауылында көне күштік рәсімдердің бірі қайта жаңғыртылып, мәдени реконструкция жасалады, – дейді Абылайхан Қалназаров.

Экспедицияға журналистер, блогерлер, ғалымдар мен спортшылардан құралған арнайы топ қатысады.

Айта кетейік, «Қазақ күшінің картасы» жобасы өткен жылы Наурыз мейрамында елордада бастау алған. Бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылған. Түркістан бағыты жобаның рухани-тарихи тұрғыдан маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

Жобаның мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды жүйелеу және ұлттық мұра ретінде заманауи айналымға енгізу.

Соңғы жаңалықтар