Түркістан облысында импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы импортты алмастыратын 20 жобаны қолға алды және 53 млрд теңгеге жуық импорт тауарын алмастыруды көздеп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров есептік баяндамасында айтты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров
Фото: ОКҚ

Әкімнің айтуынша, өндірісті дамыту мақсатында облысқа сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілген. Импорт көлемі 98 млрд теңгені құраған.

Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі.

— Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндігіміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаң ұсындық, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

индустриальные зоны Туркестанской области
Фото: ОКҚ

Өңірде импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде 53 млрд теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді.

— Бұдан басқа бірнеше маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады. Қазір 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, — деді Түркістан облысының әкімі.

Түркістан облысының экономикалық аймақтары
Фото: ОКҚ

Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Онда 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа экономикалық бағыт белсенді жүзеге асырылып жатыр. Өңір қысқа мерзім ішінде рекордтық инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу, агро­өнеркәсіпті терең өңдеу және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты.

Соңғы жаңалықтар