Түркістан облысында мешітте балаларға аяғын уқалатқан имам көпшіліктің ашуын туғызды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Аталған жағдай Сарыағаш ауданында болған.

Әлеуметтік желіде имамға қатысты тараған видео үлкен резонанс тудырып жатыр. Онда уағыз айтып отырған ақсақалдың аяғын 3 бала уқалап отырғанын көруге болады. Жариялымға пікір білдірушілердің басым бөлігі мешітке келген балаларға бейәдеп тірлік жасатқан қарияны кінәлауда.
Аталған жағдай Әбішұлы Сатыбалды мешітінде болған. Сарыағаш медресе-колледжінің құрылтайшысы Әбжаппар Сманов таң намазында шәкірттерге насихат айтқан.
- Видеода Әбжаппар Смановтың аяғын 2-3 жас бала уқалап отырғаны көрінеді. Ол балалар медресе-колледж шәкірттері емес, өзінің туған немерелері екендігін мәлімдейміз. Атап айтқанда, балалардың бірі — үлкен ұлының баласы Хамза Закарияұлы, Дінмұхаммед Смановтың ұлы - Мехдат Дінмұхаммедұлы және жиені Талха Мұхтарұлы. Видео авторы жаман ниетте түсірмеген, ол азамат Сарыағаш медресе-колледжінің тәрбиешісі Нұрсұлтан Оспанов, - делінген Түркістан облыстық орталық мешіті таратқан ақпаратта.
Облыстық білім басқармасының мамандары да видеоға қатысты жағдайды анықтау жұмыстарын жүргізген.
- Өз немерелері әрдайым атасына құрмет көрсетіп, ақ батасын алу үшін жаттығу жасап беріп, ілтипат білдіретіні белгілі болды, - делінген басқарма ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 102 адам туберкулез жұқтырғанын жазған болатынбыз.