Түркістан облысында тауда қалып қойған екі жасөспірім құтқарылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында құтқару операциясы сәтті жүргізілді.

13 жастағы екі жасөспірім таулы аймақпен серуендеп жүріп, адасып кеткен. Олар тік жартасты беткейде қалып қойғандықтан өз бетінше төмен түсе алмаған. Жасөспірімдердің бірімен байланыс тұрақсыз болғанына қарамастан, құтқарушылар оның тұрған жерін нақты анықтаған.
Аталған оқиға бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері кинологпен және заманауи техникалық құралдармен, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Құтқарушылар GPS координаттары арқылы балалардың орналасқан жерін анықтап, бағыт-бағдар беріп, оларды қауіпсіз жерге дейін алып түсті.
— Оқиға салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқару операциясы кәсіби әрі үйлесімді ұйымдастырылып, балалар ата-аналарына дін аман табысталды, — делінген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 400 млн текше метрге жуық су заңсыз пайдаланылғанын жазған болатынбыз.