Түркістан облысындағы мал базарларында сауда қызып тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін мал базарға келушілер көп. Бірі төрт түлігін сататын болса, енді бірі алу үшін арнайы ат басын бұрып жатыр. Айт намазынан соң, бізде базардағы бүгінгі жағдаймен танысып қайттық.

мал базары
Фото: Қайрат Зайнишев

Түркістан қаласындағы мал базардың алдында тоқтап тұрған көлік көп. Сондықтан базарға келушілер сол маңдағы жол жиегін жағалап тоқтап жатыр. Ал, іште сауда қызып тұр. Бірі малды ішке кіргізіп жатса, енді бірі екі аяғынан сүйреп көлікке салуда. Бағада да өсім бар.

мал базары
Фото: Қайрат Зайнишев

«Құрбандық шалуға ниет етіп, қошқар алып кетіп барамыз. 120 000 теңге болды. Жобамен 70-80 келі шығып қалады» - дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Ултаев есімді азамат.

Мұнда сиыр бағасы 300 000 теңгеден жоғары. Ал, қойларды 45 000-50 000 теңгеден, ешкілерді 30 000-35 000 теңгеден алуға болады. Сондай-ақ, қасапшылардың да қызметі бар. Егер қойды қасапшылардан алатын болсаңыз, тегін сойып, жіліктеп береді. Ал, өз қойыңызды сойдырғыңыз келсе, келісімге келуге байланысты баға шығады. Мәселен, ірі қараны 10 000 теңгеден, қойды 2000 -5000 теңге жобасында сойдырып ала аласыз.

мал базары
Фото: Қайрат Зайнишев

 

Ал, Кентау қаласындағы мал базарға сатылымға шыққандардың басым бөлігі қошқар мен қой болды. Ешкілер де сирек. Дегенмен, сауда мұнда да қызып тұр. Келісімге қарай қалаған қойыңызды ала аласыз. Көпшілігі жергілікті жерде жемге байланып, семіртілген.

«Өзіміз қолда өсірген қошқарды сатылымға шығарып тұрмыз. Бағасы денесіне сай. Аса қымбат емес. Алушы болса 110 000 теңгеге беріп жіберемін. Мен алыпсатар емеспін» - дейді кентаулық тұрғын Айша.

Базар қызметкерлері үш күн қатарынан жұмыс істейтіндіктерн жеткізді. Яғни, үш күн айтта мал сатушылар мен алушылар үшін, есік айқара ашық.

мал базары
Фото: Қайрат Зайнишев

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында орналасқан мал базар, еліміздегі ең үлкен базардың бірі. Жалпы аумағы 7 гектар жерді алып жатыр. Базар ішіне екі мыңнан астам мал сияды. Мұнда сиырға, қойға, жылқыға бөлек-бөлек орын дайындалған. Мал дәрігерлер әрбір малды жеке-жеке тексеруден өткізеді.

«Мұнда халық еліміздің әр аймағынан келеді. Тіпті, Өзбекстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан арнайы келетіндер де бар. Әр сәрсенбі күні мыңға жуық адам базардан өз нәпақасын табады. Мәселен, 500-ге жуық жүк көлігі, 150-ден астам шағын тасымалдаушы көліктер тоқтап жатқан жоқ. Ал, 100-ден астам адам шағын асханаларда ыстық шәй мен бәліш сатып жатыр. 24 күзетші мен 8 тазалаушы маман өз қызметін жасап жүр», - дейді Қарабұлақ жаңа мал базарының иесі Абдухакар Хасанов.

Бұл мал базарда саудаласудың өзіндік тәртібі бар. Алушы сатушының қолын қысып, қатты сілкіп өзіндік бағасын айтады. Сатушы келісімен бермесе, қайтадан қол сілку басталады. Әр баға айтылған сайын, осы көрініс. Жан-жағындағы адамдар екі тараптың келісімге келгенін қызықтап қарап тұрады. Тіпті, кеңес айтып, екі қол алушыны келістіретіндер де бар. Мұндай жағдайда алушы ризашылықпен «шотал» деп 2 000 теңге ұсынып кетеді.

мал базары
Фото: Қайрат Зайнишев

Базарда 50-60 келі тартатын қисар қошқарлар 130 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал, кішілерін 100 мыңнан алуға болады. Қойлардың да бағасы сол жобада. Семіздігі мен салмағына қарай бағаланады. Астанадан келген ангустардың бір данасы 330 мыңнан, ал ақ бас сиырлар 280 мыңға бағаланып жатты. Өскеменнен келген бұқаны сатушылар 500 мың теңге сұрады. Ал, бұзаулы сиыр 395 мыңға сатылды. Сондай-ақ базарда көлігіне тиелген шөпті сататындарды да кездестіресіз. Малға азық қажет болса, сатып алуыңызға болады.

Соңғы жаңалықтар