Түркістан облысындағы уран өндіруші компанияда апат болды – фейк
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Созақ ауданындағы геотехнологиялық полигонға радиоактивті уран төгілген жоқ. «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС желіде тарап жатқан апат туралы ақпаратты теріске шығарды.

Әлеуметтік желіге видео жүктеген автордың айтуынша, Созақ ауданындағы геотехнологиялық полигонға радиоактивті уран төгілген. Апат салдарынан ауа бұзылып, жер анаға үлкен зардап келген. Видеодан жұмысшылардың ешқандай қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүргенін көруге болады. Тіпті, күрекпен арық ашып, уран делінген судың арнасын бұрған.
Желіде жарияланған жазбаға пікір білдірушілер уран өндірушілерді айыптап жатыр. Олардың арасында «Уранды зауытқа айдайтын үлкен құбырда апат болып, қоршаған ортаға зиянын тигізіп отыр», «Радиация», «Жұмысшыларға қауіпті екенін айтпаған ба?» деген жазбалар бар.
Ал, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС полигонындағы оқиға туралы желіде тараған ақпаратты теріске шығарды.
«Бұл мәлімдеме шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС-тің жұмыс істеп тұрған кеніштерінде технологиялық апат тіркелген жоқ. Бейнеролик 2019 жылы консервацияға жабылған «Оңтүстік Мойынқұм» кенішінің геотехнологиялық полигонында кеніш жұмыс істеп тұрған кезеңде түсірілген. Қазіргі уақытта кеніш жұмыс істемейді», - делінген ақпаратта.
Сала мамандарының айтуынша бейнежазбада жаңа магистральдық құбырларды пайдалануға берер алдында оларды гидравликалық сынауды аяқтау процесі көрсетілген.
«Сынақтар химиялық заттарсыз және қауіпсіз техникалық суды қолдану арқылы жүргізілген. Гидро сынақтар аяқталғаннан кейін құбырлардағы техникалық су арнайы дайындалған траншеяларға құйылды, бұл технологиялық регламенттің бұзылуы немесе ауытқуы болып саналмайды. «Оңтүстік Мойынқұм» кеніші 2019 жылдың мамыр айынан бастап консервацияда. Тарату жұмыстарының басталуы 2025 жылдың 2-ші тоқсанына жоспарланған», - делінен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ PR департаменті ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Отырарда зиянды қалдық жерге төгіліп, компания жауапқа тартылған болатын.