Түркістанда кәсіпкерлердің қолдауымен өрт сөндіру бекеті ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Құтарыс ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Түркістанда кәсіпкерлердің қолдауымен өрт сөндіру пункті ашылды
Фото: ҚР ТЖМ

Салтанатты рәсімге Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров және жергілікті бизнес өкілдері қатысты.

Жоба кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды. Олар нысанды салуға және жабдықтауға өз қаражаттарын салды. Бастаманы іске асыруға белсене қатысқаны үшін инвестор Роман Ниязалиев ТЖМ-нің ведомстволық наградасымен марапатталды.

— Біз салып жатқан барлық жобалардың ішінде бұл ең өмірлік маңызы бар жоба. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы туралы білген соң, біз оған қатысуды ұйғардық және бұл бастамаға басқа да кәсіпкерлер қосылады деп үміттенеміз, — деді Роман Ниязалиев.

Еріктілер ТЖ министрлігінен өрт сөндіру цистернасын, арнайы киім, жедел көлік және байланыс құралдарын алды.

— Кәсіпкерлердің сырт қалмай, бізбен бірге ерікті өрт сөндіру бекеттері желісін дамытып жатқаны қуантады. Олардың өз ауылдарының қауіпсіздігіне инвестиция салуы — бұл әлеуметтік жауапкершіліктің ең жақсы мысалы, — деді Шыңғыс Әрінов.

Ғимаратта кезекшілер бөлмесі, асхана, спорт зал, душ және демалыс бөлмесі қарастырылған. Жаңа бекет Құтарыс округіндегі 6 ауылға қызмет көрсетеді, онда шамамен 8 мың адам тұрады.

Осыған дейін алматылықтар 1939 жылғы өрт сөндіру ғимаратының тарихи келбетін сақтауды өтінгені туралы жарияладық.

Соңғы жаңалықтар