Түркістанда мақтаның элиталық сорты өсіріліп, мата зауыты ашылады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында мақта өнімділігін көбейтіп, шикізатты терең өңдейтін 9 жоба іске қосылады. Бұл туралы өңір әкімі Дархан Сатыбалды есептік кездесуінде айтты.

«Біздің өңірдің басты ерекшелігі — халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы — халық тұрмысының маңызды саласы болып есептеледі. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд теңгені құрап, 105,8% өсім көрсетті. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облысымыз республикада жоғарғы көрсеткішке ие», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.
Түркістан облысы — республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі де төмен болып отыр.
«Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіретін және шикізатты терең өңдейтін мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында 147 млрд теңгеге мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады», — деп түсіндірді аймақ басшысы.
Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар толық іске қосылғанда 41 мың жұмыс орны құрылады. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.
Бұдан бөлек, жүгеріні терең өңдейтін Крахмал-сірне зауыты салынуда. Жоба құны 36 млрд теңгені құраса, жылдық қуаты 150 мың тонна жүгері өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады.
Айта кетейік, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.
Сондай-ақ, өңірде шетел капиталының қатысуымен 910 млн АҚШ долларын құрайтын
6 инвестициялық жоба басталды.