Түркістанда сабақ үстінде көз жұмған оқушы оқиғасына қатысты тергеу аяқталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қазығұрт ауданында 12 жастағы оқушы сабақ үстінде қайтыс болды. Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды.

Оқиға 7 ақпан күні Қазығұрт ауданындағы мектептердің бірінде болды. Әлеуметтік желілерде тараған кей ақпаратқа сүйенсек, сабақ кезінде сыныпта мұғалім болмаған сәтте екі оқушының арасында түсінбеушілік туындаған. Алайда бұл дерек ресми түрде расталған жоқ.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша оқушының өлімі тыныс алу жолдарының жабылып, тілдің көмейге түсуінен, яғни асфиксия салдарынан болған.
— Мәйіттен қандай да бір зорлық-зомбылық, ұрып-соғу немесе тұншығу белгілері табылған жоқ. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігімен («Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында куәлар мен мұғалімдерден жауаптар алынып, бейне жазбалар зерттелді. Қосымша сараптамалар тағайындалып, барлық дәлел жан-жақты қарастырылды. Тергеу нәтижесінде оқушының денсаулығы күрт нашарлап, медициналық мекемеге жетпей жолда көз жұмғаны анықталды, — делінген Түркістан облысы полиция департаменті ұсынған ақпаратта.
Сонымен қатар, бұл оқиғаға себеп болуы мүмкін мән-жайларды жою мақсатында аудандық әкімдікке тиісті ұсыныс енгізілген. Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша мектеп директоры мен бес педагог қызметінен босатылды.
— Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты, — делінген ведомства ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент зообағында түйеқұсты тепкен ер адам іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.