Түркістанда түтінсіз темекі өнімдерін заңсыз өндіретін цех жұмысы тоқтатылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында түтінсіз темекі өнімдерін заңсыз өндіру және өткізу фактісі бойынша Омашев пен Ташпулатовқа қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Түркістанда түтінсіз темекі өнімдерін заңсыз өндіретін зауыттың жұмысы тоқтатылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген іс аясында арнайы операция барысында жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын, күн сайын 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылған жасырын өндірістік цех әшкереленді.

Тексеру кезінде шикізатты дайындаудан бастап логистиканы ұйымдастыруға және Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі көтерме жеткізушілер арқылы сату арналарына дейінгі қылмыстық әрекеттің толық схемасы анықталды.

- Заңсыз айналымнан тыйым салынған 635 қорап дайын өнім, сондай-ақ азаматтардың денсаулығына зиянды 57 канистр хош иістендіргіштер мен уытты қоспалар тәркіленді, - делінген ақпаратта.

Сот санкциясымен өндірістік жабдықтар мен қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған автокөлікке тыйым салынды. Үкімге сәйкес, заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына айыппұл жазасы тағайындалып, автокөлік пен жабдықтар мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Жамбылдағы шекарадан 233 млн теңгенің темекісін жасырып өткізбек болғандар ұсталды.

Соңғы жаңалықтар