Түркістан облысында жұмыссыздар саны қанша
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысына тиесілі. Мұнда еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан жұмыс орындарын ашу мәселесі өзекті болып қала береді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды есептік кездесуінде жұмыссыздық себептерін айтып берді.

«Біздің өңір демографиялық өсім бойынша бірінші орында тұр. Бұл жерде урбанизациялық қозғалыс та болып тұрады. Облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерде тұрғандықтан, ең көп жұмыссыздық ауылдық жерде байқалады. Бізде еңбекке қабілетті 850 мың азамат бар, соның 400 мыңға жуығы тұрақты жұмыс істейді, қалған 46 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл санатқа ауыл шаруашылығы саласында істейтіндер, саудамен айналысатындар, такси секілді қызмет көрсету саласында жүргендер кіреді. Өзге өңірлерде, әсіресе Астанада құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген түркістандықтар бар», - деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде.
Әкімнің айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысын көрсетпейді, сондықтан жұмыссыздық деңгейі көбірек деп айтылып жүр. Бірақ ресми статистика соңғы 10 айдағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз екенін көрсетіп отыр.
«Әрине жұмыссыздық бойынша біздің де жоспарымыз бар. Облыс орталығы Түркістанға көшкендіктен, өндіріс орындары мен табыс көзі Шымкентте қалды. Сондықтан басым бағытты индустрияға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлеміз. Соның есебінен жұмыссыздық деңгейін азайтып, азаматтардың өмір сапасын көтереміз. Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жүйелі жұмыстың арқасында соңғы екі жылда Түркістанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2 есеге дейін немесе 53%-ға азайған. Яғни 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр.
Айта кетейік, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау үшін индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында 147 млрд теңгеге мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады.