Түркістандағы 4 жасар сәбидің өлімінен кейін кәріз құдықтары жаппай тексеріліп жатыр
Түркістандағы 4 жасар сәбидің өлімінен кейін тәртіп сақшылары кәріз құдықтарын жаппай тексеріп жатыр. Арнайы жүргізіліп жатқан рейд жұмыстары барысында ашық тұрған кәріз құдықтары бойынша атқарушы органға хат жолдануда, деп хабарлайды Kazinform.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары 3 күн ішінде 266 беті ашық қалған кәріз құдығын анықтаған. Олар бойынша арнайы акт түзіп, атқарушы органдарға хат жолдаған. Нәтижесінде қақпағы жоқ кәріз құдықтары қайта жабылып жатыр. Мәселен, Отырар ауданы бойынша беті ашық қалған 50 құдықшаның қақпақтары қайта қалпына келтірілді.
Рейдтік жұмыстар барысында полиция қызметкерлері темір қабылдайтын орындарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қақпақ ұрлап сататындар мен заттың ұрланғанын біле тұра қабылдаушылар заң алдында жауап беретіндігін ескертті.
«Негізінен мұндай құдықтарды тексеру, бақылау полицияның құзіретіне кірмейді. Десекте 4 жасар баланың кәріз құдығына түсіп, қайтыс болуы бүкіл қазақ еліне ауыр тиді. Сондықтан, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов ашық қалған кәріз құдықтарын анықтау бойынша жеке құрамға қатаң тапсырма берді. Ал, қайтыс болған 4 жасар балаға қатысты бірқатар сараптамалар тағайындалды. Зерттеу қорытындысымен заңды шешім қабылданады» - деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Әбдіжаппарова.
Айта кетейік, бұдан алдын Түркістанда жоғалған 4 жасар баланың денесі көрші үйдің кәріз құдығынан табылғанын жазған болатынбыз.