Түркістандық шаруалар мақта бағасының төмендігіне наразы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында диқандар мақтаның қазіргі сатып алу құны шығындарын ақтамайтынын айтып, бағаны көтеруді талап етті.

Түркістан облысында шаруалар мақта жинауға кірісті
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Бүгінде Түркістан облысында 24 мақта өңдеу зауыты мен 169 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 173,6 мың гектар алқаптан 555 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған.

Мақтаарал ауданында диқандардың өнімнің сатып алу бағасына қатысты шағымы әлеуметтік желілерде жарияланды. Шаруалардың айтуынша, маусым бойғы еңбегіне қарамастан, мақтаның қазіргі бағасы шығындарын өтеуге жеткіліксіз. Олардың сөзінше, өнім нарықта төмен бағаланып отыр. 

– Биыл мақтаның келісін 200-220 теңгеден өткізіп жатырмыз. Бұл шығынымызды ақтамайды. Баға кемінде 300 теңге болса дейміз. Бұл мәселе кеше немесе бүгін туындаған жоқ, жылдар бойы көтеріліп келеді, – дейді шаруалар.

Мақта өндірушілер кейбір қабылдау бекеттерінде зертхананың жоқтығын да мәселе ретінде көтерді. Олар өнім сапасын анықтау кезінде ашықтық қамтамасыз етіліп, қабылдау орындарындағы таразылардың дұрыстығын тексеруді сұрайды.

Мәселеге қатысты Мақтаарал ауданының әкімдігі түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, ауданда 63 мақта қабылдау бекеті бар. Оның 44-і жергілікті 7 мақта өңдеу зауытына, 19-ы Жетісай ауданындағы зауыттарға тиесілі.

Шаруалар көтерген мәселелерді талқылау мақсатында 30 қыркүйекте Жетісай ауданы әкімдігінің аппаратында көшпелі жиын өтті. Жиынға облыста құрылған мобильді топтың басшысы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков төрағалық етті. Кездесуге Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сауран және Ордабасы аудандары әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты.

– Келіссөздер нәтижесінде шаруалардың талабы ескеріліп, 1 келі мақтаның бағасы 230 теңге болып бекітілді. Нарық конъюнктурасына қарай бұл баға әлі де өсуі мүмкін. Сонымен қатар таразы мен зертхана жұмыстарына қатысты заңбұзушылық немесе келіспеушілік туындаған жағдайда шаруалардың тиісті құзырлы мекемелерге жүгініп, мәселені жедел қарауына мүмкіндік жасалды, – деп хабарлады Мақтаарал ауданының әкімдігі.

Қазір шаруалар алғашқы мақта терімін жинап жатыр. Олар күн күрт суымай тұрып, екінші терімді де ысырапсыз әрі сапалы аяқтауды көздейді.

Бұған дейін түркістандық шаруалардың мақта бағасына қатысты наразылық білдіргенін хабарлаған едік.