Түрмедегі адам террорлық акт жасауға дайындалған — ҰҚК
АСТАНА. KAZINFORM – ҰҚК үш облыстағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 10 радикалды діни идеология жақтасының заңсыз әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Биыл 22 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-мен бірлесе, Алматы облысы прокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 10 радикалды діни идеология жақтасының заңсыз әрекетінің жолын кесті.
— Алдын ала мәліметке сәйкес, фигуранттардың бірі қамау жағдайында террорлық акт жасауға дайындалған, ал қалғандары терроризмді насихаттауға қатысып, террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды өз қатарларына тартумен айналысқан. Жаза өтеу орындарында жүргізілген тінтулер барысында суық қару, смартфондар және басқа да заттай дәлелдер алынды. Біреуінің экстремизм үшін соттылығы бар. Қалғандары кісі өлтіру, тонау және ұрлық үшін жазаларын өтеген. Сондай-ақ, Алматы қаласында пробациялық бақылауда тұрған олардың байланысы ұсталды, — делінген хабарламада.
Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғарыда аталған адамдарға қатысты Қылмыстық кодекстің 255, 256 және 259-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК аса ірі көлемде есірткі саудалаған қылмыстық топтың жолын кескені анықталды.