Тұрмыстық зорлық-зомбылық: Ақтөбеде жыл басынан бері 4 адам көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде тұрмыстық жалжал кезінде биыл 4 адам көз жұмды. Оның екеуі әйел, екеуі ер адам.

Отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде биыл полицияға 5 мыңнан астам қоңырау түсті. Тек әйелдер ғана емес, ата-аналар, балалар да зәбір көрген.
- Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстегі 73-бабы биыл маусымнан бастап Қылмыстық кодекстің 108 және 109-баптарына ауыстырылды. Яғни, «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру», «Ұрып-соғу» баптарына өзгертілді. Осыдан қылмыстың өскені байқалды. Былтыр 20 дерек, биыл 11 айда 149 қылмыстық іс тіркеліп тұр. Оның 103-і Қылмыстық кодекстің 108 және 109 баптары бойынша тіркелді,- деді Ақтөбе облыстық ПД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Ақгүл Қасанғалиева.
Биыл Ақтөбедегі екі дағдарыс орталығына 200-ден астам адам орналасты. Оның 79-ы әйел болса, өзгесі балалар.
- Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде 4 адам көз жұмды. Оның екеуі әйел, екеуі ер адам. Отбасындағы жалжал, айқай-шу соңы осылай болып тұр,- деді Ақгүл Қасанғалиева.
Еске салсақ, Ақтөбеде дәрігер Мөлдір Томарованың пәтеріне балкон арқылы кіріп, оны зорлап, қылмысын жасыру үшін өлтіріп тастаған сотталушы 22 жылға бос бостандығынан айырылды.