Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге психологиялық қолдау ауадай қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі қоғамда адамдардың психологиялық саулығы маңызды орын алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлем бойынша кең таралған әлеуметтік мәселе.

Бұл құбылыс әйелдердің физикалық,эмоционалдық, психологиялық және экономикалық әл-ауқатына кері әсер етеді. Мұндай жағдайға тап болған әйелдерге жан-жақты көмек көрсету, оның ішінде психологиялық қолдау көрсету – олардың жаңа өмір бастауына көмектесудің басты жолы.
Бүгінгі қоғамда тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдер жетерлік. Отбасындағы зорлық-зомбылық, күйеуінің ішімдікке салынып әйеліне қол жұмсауы, жүріс жүруі секілді мәселелер өте жиі кездеседі.
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді психологиялық қолдау мақсатында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының Ассоциациясы» жобасы негізінде Ақтау қаласында клуб құрылды.
Психологиялық қолдау клубының мақсаты - әйелдерге көмек көрсету, эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыру және өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесу. Клубқа хабарласқан әрбір әйелмен психолог мамандар жүйелі түрде және айлап жұмыс істеді. Зорлық-зомбылық көрген әйелдер whatsapp, телеграмм желілеріне хабарласып, жеке кеңеске күн белгілеп, психолог маманның жеке қабылдауында болып, өздерінің қиындықтарымен бөлісіп, дағдарыстан шығуға бағыт -бағдар, кеңес алды.
Клубқа 20-45 жас аралығындағы әйелдер хабарласып, психологиялық білімін дамытып, стресті басқару, өзін-өзі бағалау әдістері арқылы психологиялық жайлылықты арттырды.
Психологиялық қолдау алаңы – адамның ішкі әлемін түсінуге, өзін-өзі қабылдауға және психологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды алаң. Мұнда әр адам қолдау тауып, психологиялық әл-ауқатын жақсарта алады.
Қорытындылай келе, тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек отбасы ішіндегі мәселе емес, ол бүкіл қоғамның назар аударуын қажет ететін өзекті проблема.
Сондықтан,мектептер мен жоғары оқу орындарында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу, ынталы адамдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдау желісін құру маңызды.