Тұтынушы құқығы: Тауарға көңілі толмаған ақтөбеліктер 100 млн теңге ақшасын қайтарып алған
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбелік тұтынушылардан департаментке 900-ге жуық өтініш түсті. Олар сатып алған тауар бағасына, қызметке көңілі толмай, ақшасын кері қайтаруды талап еткен.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне биыл 8 айда 861 өтініш түсті. Бұл былтырғы жылдың дәл осы аралығымен салыстырғанда 49 өтінішке көп. Тұтынушылардың басым бөлігі бөлшек сауда мен электронды сатуға көңілі толмаған.
- Электронды сауда саласындағы шағым былтырғымен салыстырғанда 41 өтінішке өсті. Көбіне тауарды айырбастамай, ақшаны кері қайтарудан бас тартқан. Сайт арқылы тапсырыс бергенде сапасыз тауар ұсыну және келісілген жеткізу мерзімін сақтамау дерегі тіркелген. Шағымның басым бөлігі орынды, оның 495-і қанағаттанарлық болып шешілді, - деді Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бағжан Тілегенов.
Биыл 200-ге жуық өтініш иесіне құқықтық көмек көрсетілді. 8 айда 114,3 млн теңге ақша тұтынушыға қайтарылды.
- Жыл басынан бері департамент мамандары 41 сот отырысына қатысты. 50 тұтынушының 69,7 млн теңге ақшасын қайтару туралы сот шешімі шықты. Жеке кәсіпкерлік субьектілеріне барлығы 231 қаулы шығарылды. Оның ішінде 38-і тұтынушы құқығын бұзу, 193-і сауда қызметін сақтамау дерегі. 156 кәсіпкерге ескерту беріліп, 75 субьектіге 1,4 млн тг айыппұл салынды. Олардан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сауда үстемеақысын 15 пайыздан асыру, тауар бағасы кассадағы бағаға сәйкес келмеуі және баға белгілерінің болмауы деректері анықталды,- деді Бағжан Тілегенов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында Тұрақтандыру қорының айналым қаржысы 1,9 млрд теңгенің құрап отыр. Биыл күзде де жергілікті тауар өндірушілерден көкөніс алынады.