Түйе жүнінен тоқылған бұйымдарға сұраныс артып келеді – шебер
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Амангүл Ешмағамбетов шаруалардан түйе жүнін сатып алып, одан түрлі киім-кешек, ойыншық тоқиды. Қазіргі кезде жылы әрі емдік қасиеті бар бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы саудалап отыр.
Әйелдер көбіне қыз жасауын тігіп, оюлы көрпе дайындағанды қолайлы көреді. Ақтөбе өңірінде де бизнестің осы түрін қол көретіндер көп. Сонымен бірге қолынан іс келетін қыз-келіншектер, зейнеттегі аналар тоқыма тоқиды. Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Амангүл Ешпанова 2021 жылы грант алып, қыз жасауын бастады. Кейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, түйе жүнінен түрлі бұйым тоқи бастады. Бүгінде бас киім, мойын шалғы, қолғап пен шұлық, кеудеше, тізені, белді жылы ұстайтын арнайы бұйым тоқиды.
– Алдымен түйе жүнін сатып аламын. Ауылда келісі 2 мың теңгеге сатылады. Жуып, түтіп, иірген соң ғана түрлі бұйым тоқуға болады. Мұның бәрін өзім істеймін. Жуып болған соң кептіріп, асықпай түтемін. Егер жүннің түсін өзгерткім келсе қына немесе қалампыр салып қайнатып, табиғи жолмен бояп аламын. Балалар мен ерексектерге түрлі киім тоқимын. Сонымен бірге жұмсақ ойыншық тоқып көріп, үйрендім. Ойыншыққа да қызығатындар бар екен. Алайда қыста қолғап пен шұлыққа тапсырыс беруші көп, - деді Амангүл Ешпанова.

Шебер түйе жүнінен тоқылған бұйымдардың емдік қасиеті бар екенін айтады.
– Табиғи өнім қашанда құнын жоғалтпайды. Жылқы қылынан ұлтарақ жасап жатыр маңғыстаулықтар. Ал түйе жүнінен тоқылған бұйым буын ауруына ем. Қазіргі кезде еліміздің әр түкпірінен тапсырыс береді. Сонымен бірге қолға білезік тоқып, моншақпен көмкергем. Ұлттық нақыш деп қыздар сатып алып жатыр. Былтыр алматылықтар шұлыққа тапсырысты көп берді. Жанымда бір жұмысшы бар. Шаруаны екеуміз атқарамыз. Арманым – үлкен бизнеске жол бастау. Бірақ оның ретін білмей отырмын. Бренд қалыптастырып, адам денсаулығына пайдалы дүниелерді айналымға шығарғым келеді. Сұраныс бар, тоқыған дүнием тез сатылып кетеді, - шебер.

Амангүл Ешпанова бар жұмысты бала кезден көріп, біліп өсті. Анасы шұлық пен қолғапты өзі тоқып, киіндірді. Тіпті ауыл балаларына да тоқып берді.
– Анам қазір 90 жаста. Өзіне ұқсағаным үшін алғыс айтады. Қазір соның жолын мен жалғап келемін. Әсіресе тізеге арналған тоқыманы жас та, кәрі де алады. 30 жастағы баласының тізесі сырқарап, ем үшін сатып алды. Егде жастағы қариялар да киеді. Өзім такси немесе пойызға салып жіберемін. Олар күтіп алады. Табыс – осы. Бір нәрсенің шыңына шыққан жақсы. Ізің қалады, ісің қалады. Арман бар, оған жету жолын білмей отырмын. Бәлкім оқып, білім алу керек шығар. Өзім қыз жасауын да қатар дайындаймын. Сенім артып, тапсырыс бергендердің көңілін қалдырған емеспін, - дейді ол.


Айта кетейік, Амангүл Ешпанова бұған дейін құрылыс саласында еңбек еткен. Коронавирус инфекциясы өршіп, адамдар үйден шыға алмай қалған кезде қолөнерді дамытқанын айтады. Содан бері осы саладан нәпақасын тауып жүр.
Еске салсақ, ақтөбелік мұғалім Бірлік Солтан төрт түлік сүйегінен кәдесый жасап жүр. Жылқының қарақұсы бір қарағанда сиырға, екінші жағын айналдырғанда қошқарға ұқсайды. Ал сиырдың ауыз омыртқасынан мысық пен қыран құсты көреміз.