Түйетөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті
Ата-балаларын еске алып, олардың әруақтарына құран бағыштау үшін Түйетөбеге облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Ақтөбе әкімі Архимед Мұхамбетов, мәслихат, құқық қорғау органдары және мемлекеттік қызмет өкілдері, ардагерлер мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары жиналды.
Боздақтарға құран бағышталғаннан және бір минуттік үнсіздік жарияланғаннан кейін, Түйетөбеге гүл шоқтары қойылды.
Тарихшылардың дерегі бойынша, сонау зұлмат жылдары Ақтөбе облысында 7 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған, олардың 1,5 мыңы ату жазасына кесілген. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары саяси сенімсіздер деген үкіммен 3 мың орыс, 5 мың украин, 700 болгар, 6 мың шешен, 400 еврей, 1 мың поляк, 1,5 мың неміс және т.б. ұлт өкілдері облыстың аумағына НКВД бақылауына қоныс аударылған.
Халық Түйетөбе деп атайтын бұл жерден 90-шы жылдары адам сүйектері табылып, бұл көмбенің кезінде ату жазасына кесілген қуғын-сүргін құрбандарының зираты екені анықталған болатын. Осындай көмбелер кейіннен басқа да жерлерде табылып, олардың барлығы осы Түйетөбеге жерленген және 1997 жылы осы жерге ескерткіш орнатылған.