Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммиті: ротациялық төрағалық Қырғызстанға тапсырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалықты 2025-2026 жылдар аралығында Қырғыз Республикасына тапсыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммиті: ротациялық төрағалық Қырғызстанға тапсырылды
Фото: ТАСС

Қытай сыртқысаяси ведомствосының мәлімдемесінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатысты сын-қатерлерге қарсы тұрудың Әмбебап орталығын, Ақпараттық қауіпсіздік орталығын және Халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес орталығын, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығын құру процесі басталғаны айтылған.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары кеңесінің Тяньцзинь декларациясына, ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына және қауіпсіздікті нығайту және экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру және ШЫҰ ұйымдық дамуы туралы басқа да қорытынды құжаттарға қол қойылып, қабылданды.

– Лаосқа диалог бойынша серіктес мәртебесін беру және ШЫҰ төрағалығын 2025-2026 жылдарға Қырғыз Республикасына беру туралы шешім қабылданды, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысқанын хабарлаған болатынбыз. 

Бүгін Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммиті аяқталды. Президенттің сапары ертең Бейжің қаласында жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар