ҰАТ gov.kz платформасының неліктен істен шыққанын түсіндірді
Gov.kz платформасының дұрыс жұмыс істемеуі жаңарту жұмыстарымен тікелей байланысты. Бұл жөнінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ – «Электронды үкіметтің» инфокоммуникациялық инфрақұрылымының және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесінің операторы, сондай-ақ орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүйелі және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
«Біз әрқашан gov.kz платформасының пайдаланушыларын ыңғайлы сервиспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Осыған байланысты біз оның өнімділігі мен функционалдығын жақсарту үшін үнемі жаңартулар жасаймыз. Алайда бүгін соңғы жаңартумен байланысты қиындықтар туындап, салдарынан gov.kz платформасы жұмыс істемеді», - деп жазылған ҰАТ АҚ ресми жауабында.
Ұйымның хабарлауынша, платформаны дереу қалпына келтіру үшін шұғыл шаралар қабылданды және енгізілген жаңартулар жойылды.
«Қазіргі уақытта барлық мәселе шешілді және gov.kz қазір қайтадан толық жұмыс істеп тұр. Біздің команда мен әзірлеушілер gov.kz платформасы үздіксіз және ыңғайлы жұмыс істеу үшін жақсарту жұмыстарын жалғастырады», - дейді Ұлттық ақпараттық технологиялар.
Бұған дейін елімізде Gov.kz платфорсындағы барлық министрліктер мен әкімдіктердің сайттары ашылмай қалғаны хабарланған еді.