ҰБТ-да әр балға 7 мың теңге алған ақтөбелік мұғалім сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұғалімге түпкілікті 2 жыл 4 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Енді ол алдағы үш жылда сабақ бере алмайды.

   Қызылордада ата-енесін алдап, несие рәсімдеген келіншек сотталды
Фото: pexels.com

Ақтөбеде мектеп мұғалімі ҰБТ кезінде шекті балл жинауға көмектесетінін айтып, екі оқушысын сендірді. Тіпті әр балл үшін 7 мың теңге алған. Алаяқтық жолмен ақша тапқан педагог ісі сотта қаралып, оған айып тағылды.

- Мектеп мұғалімі Ұлттық біріңғай тестілеуден өткізіп беретінін, 1 балл 7 000 теңге болатынын жеткізіп, 80 балл жинау үшін 560 000 теңге алған. Сот отырысында сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сүйеніп жазаның үштен бір бөлігі қысқартылды. Сотталушыға түпкiлiктi 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Сонымен бірге педагог үш жыл бойы өз мамандығымен жұмыс істей алмайды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, биыл қаңтар айындағы ҰБТ-ға 90 мыңға жуық талапкер қатысты. ҰБТ өткізу барысында екі апта ішінде 173 ереже бұзушылық тіркелді. 108 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. 

Соңғы жаңалықтар