Учаскелік инспекторлар іс-қимылының арнайы алгоритмі әзірленді

«Сарапшылармен бірге учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері іс-қимылының арнайы алгоритмін әзірледік. Бұл өз кезегінде өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі тиісті қадамдарының жиынтығы. Оларды тәжірибе жүзінде нақты әрі біркелкі орындау құқықтық қателіктерді айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеде осындай алгоритмдер көбіне «стандартты операциялық рәсімдер» деп аталады», - деді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, аталған термин ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен бірлесе енгізіліп жатыр. Алгоритмдерді даярлауға ведомстволық ғылым мен тәжірибелік саладағы 50-ден астам маман қатысты.
«Заңнаманы жетілдіру үрдісіне қарай алгоритмдер жаңартылып тұрады. Ыңғайлы болуы үшін қазір арнайы мобильді қосымшаны әзірлеп жатырмыз. Қосымша учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілерінің жұмыс планшеттеріне жүктеледі», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мұрат Баймұқашев учаскелік полиция жұмысының тиімділігін арттыру жоспары туралы айтты.