Учаскелік полиция жұмысының тиімділігі қалай артады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев учаскелік полиция жұмысының тиімділігін арттыру жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ішкі істер органдарында учаскелік полиция инспекторларының маңызы зор. Олар бірнеше функцияны қатар орындайды. Жол қауіпсіздігі, көші-қон, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоршаған ортаны қорғау және тағы басқа мәселелер бойынша арыз-шағымдармен жұмыс істейді. Қылмыстық істерді жүргізіп, әкімшілік хаттамалар толтырады. Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер органдарының барлық саласы бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, профилактикалық шараларды іске асырады. Есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүрген адамдарға бақылау жайсайды. Нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалайды. Қазір полиция есебінде осындай жүз мыңға жуық азамат бар», - деді Мұрат Баймұқашев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол негізінен учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде халықпен байланыста екенін еске салды. Ал кейбір ауылдарда учаскелік инспектор құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі болып отыр.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік инспектордың мәртебесін көтеру керектігін мәлім еткен еді. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керектігі айтылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек», - деді ведомство өкілі.

«Қазіргі осы қызметтің ажырамас бөлігі ретінде учаскелік инспектор көмекшісі мәртебесі заңнамалық тұрғыда бекітіліп жатыр. Бүгінде қылмыстық тергеу бойынша процессуалды шешімдер мен әкімшілік материалдарға қатысты негізгі шешімдерді қоспағанда, көмекшіде учаскелік инспектордың көптеген өкілеттіліктері бар», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, заңнамалық түзетулер учаскелік полиция жұмысының тиімділігін елеулі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадамдар учаскелік полицейлерді халықпен тікелей жұмысына бағыттайды. Осы орайда заңнамаға енгізілген тиісті түзетулер Парламент қарауында. Олар ағымдағы сессияда қабылданады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар