UFC: Асу Алмабаев жекпе-жек алдында салмақ өлшеді
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев (20-2-0) кезекті жекпе-жегінің алдында салмақ өлшеді.

Қазақстандық файтер таразыда 125 фунт (56.7кг) көрсетсе, бразилиялық қарсыласы Матеус Николаудың (19-4-0) салмағы 125.5 фунт (56.9 кг) болды.
30 жастағы Асу Алмабаев UFC-дың ең жеңіл салмақтағы рейтингісінде 14-шы орында, ал 31 жастағы бразилиялық файтер 7-шы орында.
Айта кетейік, Асу-Николау айқасы 20 қазан Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін UFC Fight Night 245 кешінде өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Энтони Эрнандес және Мишель Перейра өнер көрсетеді.
Бұл Асу Алмабевтың UFC аясындағы төртінші жекпе-жегі болмақ. Отандасымыз өткен жылы Оде Осборнды мерзімінен бұрын жеңсе, осы жылы наурыз айында Си Джей Вергараны төрешілер шешімімен қапы қалдырды.
Сондай-ақ Асу Алмабаев осы жылдың маусым айында UFC-дегі үшінші айқасын өткізіп, Хосе Джонсонды төрешілер шешімімен жеңді.