UFC рейтингінде қалған жалғыз қазақстандық бір саты төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Аралас жекпе-жек бойынша әлемдегі ең ірі ұйым саналатын UFC әр салмақ дәрежесі бойынша спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Соңғы тізімде Қазақстаннан тек бір ғана спортшы бар.
Қазіргі таңда UFC рейтингтерінде Қазақстан атынан тек жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Асу Алмабаев қана қалды.
Бір апта бұрын ол жетінші орында тұрған. Сондай-ақ Асу 28 ақпанда Мексикада өтетін жекпе-жекте жергілікті фаворит Брэндон Мореномен кездесуге дайындалып жатқан еді. Алайда АҚШ-қа ұшардан екі күн бұрын жаттығу кезінде қолын сындырып алып, жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды.
Бұл жағдай UFC рейтингінде де ескерусіз қалған жоқ. Жаңартылған тізімде қазақстандық спортшы сегізінші орынға сырғыды. Бұған дейін жетінші орында тұрған еді.
Ал қарсыласы Брэндон Морено бесінші орыннан алтыншы сатыға түсті. Оның орнына жапониялық Киоджи Хоригучи көтерілді.
Айта кетейік, бір апта бұрын жартылай орта салмақтағы рейтингтен шығарылған Шавкат Рахмонов әзірге тізімге қайта оралған жоқ. Себебі ол октагонға 2026 жылдың соңына қарай ғана қайта шығуы мүмкін.
Бұған дейін Жалғас Жұмағұловтың «еуропалық UFC»-дегі титулдық жекпе-жегі сенсация жасады.