Үгітіліп жатыр: Ақтөбеде млрд теңгенің веложолынан шу шықты

веложол
Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы веложол құрылысының жобасы мен оның іске асырылуын аудиторлар тексеріп, 34 млн теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Іс сотта да қаралды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Юрий Куликовтің шағымы негізінде Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне аудит жүргізді.

Аудиторлар қаладағы веложол сал жұмысының құжатынан бірқатар кемшілік анықтады. 

— Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Global Construction Development» ЖШС арасында 1 327 872 000 теңгеге келісімшарт жасалған. «Ақтөбе қаласында веложолдарды жайластыру» бойынша конкурс жариялағанымен, жобалық-сметалық құжат болмаған. Бұл жерде «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 60-бабы 1-тармағының талаптары бұзылып тұр. Бұл — бірінші бұзушылық. Екіншіден 665 761 900 теңгенің жұмысы атқарылды деп ақша аударды. Аудит кезінде 34 млн теңгеден астам қаржының жұмысы атқарылмағаны белгілі болды. Осы кемшіліктерге қарамастан Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі актіге қол қойып, жұмысты қабылдап алған, — деді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сакен Қасымов.

Сонымен бірге Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың болмағаны үшін қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Global Construction Development» ЖШС-і арасындағы келісімшартты жарамсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз берді.

Сот талап арызды қанағаттандырды. Алайда әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ал анықталған бұзушылықтар, яғни, атқарылмаған жұмысқа қаржы төлегені үшін Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне нұсқама берілді.

Яғни, бұзушылықтар жойылып, қаржы кері қайтарылуы тиіс.

Өз кезегінде қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Global Construction Development» ЖШС-нен 34 781 900 теңгені қайтарып алу үшін сотқа талап арыз берді. Қазір іс қаралып жатыр. 

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобалық-сметалық құжаттамасы, сараптама қорытындысы болмаса да құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізген мердігерге қатысты іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып, мердігерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, iздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау» бабы бойынша 200 АЕК, яғни, 690 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар