Үкімет басшысы: МАЭК-тегі апатқа кінәлілер жауапқа тартылады

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апатқа кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Кінәлілер жауапқа тартылады.

Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету», - деген Әлихан Смайылов, жағдайды реттеуге бағытталған бірнеше тапсырма берді.

«Бірінші. Маңғыстау облысының әкімдігі энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

Екінші. Энергетика министрлігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі керек.

Үшінші. Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюы қажет», - деді Премьер-Министр.

Еске салайық, кеше кешке Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалған болатын.

Артынша жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты.

Сағат 21.30-да Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар
telegram