ҮКІМЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР: Жамбыл облысында жыл басынан бері мас көлік жүргізушілердің кінәсінен 10 адам қаза тауып, 17 адам жарақаттанды

«Біз жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан ажал құшқандар саны бойынша бірінші орында, ЖКО салдарынан мерт болғандар санынан екінші орындамыз. Өткен жылы жолдарда 2 145 адам қаза тапты. Биылғы тоғыз ай ішінде - 2 273 адам қаза тауып, 22 мың адам жарымжан болып қалған. Демек талапты күшейту қажет. Рульге мас күйінде отырған жүргізушіні мен бұны қасақана жасап отырған қылмыскер деп білем. Оны заңның барлық қатаң талаптары бойынша жазалау керек немесе бұған қатысты заңдарды күшейту керек», - деп жалғастырды Президент ІІМ басшысына Қауіпсіздік кеңесімен бірге осы мәселені қарастыруды тапсырып.
Жамбыл облысында 2013 жылдың 10 айында рульге мас күйінде отырған жүргізушілер кінәсінен 12 жол-көлік оқиғасы орын алған, онда 10 адам қаза тауып, 17 адам әртүрлі ауырлық деңгейінде жарақат алды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ішімдікке мас күйінде көлік айдау Жол жүру ережелерін өрескел бұзу (467-бап 1-бөлім) болып табылады және екі жылға көлік айдау құқығынан айырады, - деп түсіндірді баспасөз қызметінде. - Жол полициясы жүргізген рейдтер және алдын-алу іс-шаралары ЖЖЕ өрескел бұзушылықты, соның ішінде ішімдікке мас күйінде көлік айдау фактілерін анықтау және алдын алуға бағытталған».
Осылайша, жыл басынан бері Жамбыл облысының жол полицейлері «Автобус», «Қарама-қарсы жолақ», «Назар аударыңыз - балалар!», «Біз жолдардағы қауіпсіздікті қолдаймыз», «Салтанатты қыз ұзату», «Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі», «Қауіпсіз жол», «Экосақшы», «Қауіпсіздік белбеуі» жедел-алдын-алу іс-шараларын жүргізді.
«Әр алдын-алу іс-шаралары шеңберінде полиция қызметкерлері ішімдікке мас күйінде көлік айдағандарға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері осындай 1 384 бұзушылық анықталған», - деп нақтылады өңірдің ІІД баспасөз қызметінен.