Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ҰҚК 242 млн теңгеге әзірленген бейне ойынға қатысты тексеріс бастады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 242 млн теңге жұмсалған Steppe Rider білім беру бейне ойынын әзірлеуге қатысты тексеріс бастау мәселесін көтерді.

Разработку видеоигры за 242 млн тенге проверяют КНБ и ДЭР
Фото: Тіл саясаты комитеті

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында аталған ойынға қатысты сұрақ қойылды. Осы орайда министрліктің Steppe Rider ойынын әзірлеу нәтижесіне қаншалықты көңілі толатыны сұралды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрлік тиісті тексеріске өзі бастамашы болғанын айтты. 

— Бұл мәселе бойынша тексеру жүргізу туралы ҚР ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне және Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне өтінім жолдадық, — деді министр.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. 

— Осыдан кейін тиісті шешім жарияланады деп ойлаймын. Бұл мәселе тексеруші органдардың құзыретіне жатады, — деді Саясат Нұрбек.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, Steppe Rider — раннер мен викторина элементтері үйлесімі арқылы қазақ тілін ойын элементтері арқылы үйренуге арналған жоба. Ойыншы қар барысымен бірге саяхат жасап, тапсырмаларды орындайды, әріптер мен сөздерді жинайды, жаңа тақырыптар мен деңгейлерді ашады.

Осыған дейін Саясат Нұрбек елдегі университеттерде оқыту құнына қатысты пікір айтты.