ҰҚК Ауғанстанда билік ауысқанда қалай әрекет етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Ауғанстанда билік ауысып, елдегі ахуалды Талибан режимі бақылауына алған кезде оларман алғашқы байланысты барлаушылар орнатқан. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арнап түсірілген фильмде комитет төрағасының орынбасары – Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжанов сол бір жауапты кезең туралы қысқаша мәлімет айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Кейінгі бірнеше операция Ауғанстандағы соңғы өзгерістер кезінде өтті. Ол кезде тек барлаушылар ғана жұмыс істеді. Олар бүкіл адамдарды жинап, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Талибанның жаңа билігімен келісімдерге келіп, байланыстар орнатты. Кейін өзге орган қызметкерлерін ресми түрде наградтап жатты. Ал біздің мамандар елеусіз, жабық жарлықпен марапатталды. Олардың бұл еңбегін жалпақ жұрт білмегенімен, қандай жауапты іс атқарғандарын өздері біледі ғой. Барлаушы үшін ең үлкен марапат – халқының, елінің амандығы», - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ, фильмде Қарсы барлау қызметінің ардагері Адамғали Нақыспеков 2000 жылы қорғаныс саласындағы құпияны өзге елдің азаматына алып бермек болған азаматты қалай қолға түсіргендерін еске алады.

«2000 жылы шетел азаматы Қазақстанның аумағында жасырын әрекет етпек болған. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде бүркемеленіп, әскери бұйым туралы құпия құжатты алғысы келді. Сол кезде ол бұйымның деректері құпия болып саналатын. Біздің бір азаматқа шығып, танысқан. Біздің азамат қажетті құжатты тауып бере алатынын айтып, келіскен. Солайша ол ақпарат алудың жолдарын іздей бастады. Сөйтіп жүріп тағы бір Қазақстан азаматына жолығады. Ол біздің органның құпия көмекшісі болып шығады. Бірден бізге хабарлады. Әрі қарай ойын біздің бақылауымызбен жүрді. Бүкіл мәліметтер жиналып, жасырын әрекет етушілерді қылмыстық жазаға тартуға болатыны туралы баға берілді. Осылайша екеуіне бұлтартпау шарасы қолданылды. Шетел азаматы 10 жылға, өз азаматымыз отанға опасыздық жасағаны үшін 13 жылға сотталды», -деді Адамғали Нақыспеков.

Айта кетейік, бүгін ҰҚК-нің құрылғанына 30 жыл толды.



Соңғы жаңалықтар