ҰҚК-да кадрларды іріктеу қалай жүргізіледі, қандай мамандықтар сұранысқа ие
АСТАНА. KAZINFORM — Кадрлық жұмыс комитет үшін стратегиялық басымдық саналады. Комитетке кім келіп, қалай дайындалатыны елдің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл сауалға ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбатында жауап берді.

— Қазір бізде екі мамандандырылған жоғары оқу орны жұмыс істейді: ҰҚК академиясы және Шекара академиясы. Жуырда осы оқу орындарында жас офицерлердің кезекті түлектері оқуын бітіріп шықты.
Болашақ қызметкерлерді оқыту барысында біз жаңа технологияларды, қолданбалы әдістер мен шынайы практикалық тәжірибелерді енгізіп отырмыз, — деді ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев.
ҰҚК-ге қабылдау қатаң тәртіппен жүзеге асады.
— Қызметке тек Қазақстан азаматтары қабылданады, олар білім, физикалық дайындық, моральдық тұрақтылық және аналитикалық ойлау сияқты бірқатар талаптарға сай болуға тиіс.
Цифрлық технологиялар дәуірі заманауи талаптарды күн санап күшейтіп отыр. Сондықтан киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздік саласында ІТ, телекоммуникациялар және цифрлық аналитика саласындағы мамандар үлкен сұранысқа ие, — деді ол.