ҰҚК елдегі бейнебақылау жүйесінің ережелерін жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа ережелер камераларды жүйеге қосу, бейнежазбаларды сақтау, бейнені автоматты түрде талдау және мемлекеттік органдарға мәлімет беру тәртібін реттейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 28 қазандағы бұйрығы 2027 жылғы 3 қаңтарда күшіне енеді.
Ұлттық бейнемониторинг жүйесі бейнелерді, оларға қатысты қосымша мәліметтерді және тіркелген оқиғалар туралы цифрлық деректерді жинауға, өңдеуге және сақтауға арналған. Оның жұмысы цифрлық инфрақұрылым арқылы қамтамасыз етіледі.
Жүйенің жұмысына үйлестіруші, оператор, әкімші, пайдаланушылар мен абоненттер қатысады. Оны ұлттық қауіпсіздік органдары үйлестіреді. Оператор қызметін мемлекеттік орган немесе мемлекет үлесі басым компания атқарады. Ал әкімші міндетін Мемлекеттік техникалық қызмет атқарады.
Жүйені арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдар пайдаланады.
Камералар жүйеге қалай қосылады?
Бейнебақылау жүйелері Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне бекітілген кестеге сәйкес қосылады. Бұл ретте қосылуы міндетті нысандардың санаттары ескеріледі.
Жергілікті атқарушы органдар жүйені пайдаланушылармен бірлесіп, қосылу кестесін жасайды. Оны жыл сайын бірінші тоқсан аяқталғанға дейін үйлестірушіге жолдайды.
Кесте бекітілген соң абоненттерге камераларды жүйеге қосу қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Техникалық талаптарды орындауға алты айға дейін уақыт беріледі.
Оператор 10 күн ішінде бейнебақылау жүйесінің ұлттық стандартқа сәйкестігін тексереді. Талаптар орындалса, абонентке жүйеге қосылуға рұқсат беріледі. Содан кейін оператор қажетті техникалық жұмыстарды жүргізеді.
Жүйеге қосылғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде тараптар тиісті актіге қол қояды. Қосылған камералар туралы мәлімет арнайы тізілімге енгізіледі.
Ережеде бейнебақылау жүйелерін ерікті түрде қосу мүмкіндігі де қарастырылған.
Бейнежазбалар қанша уақыт сақталады?
Жаңа талаптарға сәйкес, бейнежазбалар мен оларға қатысты қосымша мәліметтер 30 тәулік сақталады. Ал қоғамдық тәртіпті бұзу белгілері бар оқиғалар туралы деректерді сақтау мерзімі — 12 ай.
Жүйеде камералардан түсетін бейнені автоматты түрде талдайтын технологиялар қолданылады. Олар бейнежазбалардағы ақпаратты автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді.
Осы технология арқылы адамдарды сәйкестендіруге тек Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің платформасында рұқсат етіледі. Мұндай мүмкіндік ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ғана пайдаланылуға тиіс.
Бейнені автоматты талдау бағдарламалары жүйенің деректерді өңдеу орталықтарында, сондай-ақ абоненттердегі қосымша жабдықтарда жұмыс істейді.
Қосымша жабдықты орнату туралы шешімді оператор камералардың санын, байланыс арналарының өткізу қабілетін және бейнебақылау жүйесінің техникалық мүмкіндіктерін ескеріп қабылдайды.
Жүйенің қауіпсіздігіне кім жауап береді?
Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуіне оператор жауап береді.
Ол деректердің сақталуын қамтамасыз етіп, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Киберқауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығымен өзара байланыс орнатады.
Киберқауіпсіздікке қатысты оқиға анықталса, оператор бұл туралы аталған орталыққа жедел хабарлауға міндетті.
Жүйе әкімшісі пайдаланушылардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын реттейді, инфрақұрылымның жұмысын қадағалайды және киберқауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды.
Ал пайдаланушылар ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындауға және өздерінің есептік жазбаларын үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.
Мемлекеттік органдар бейнежазбаларды қалай алады?
Жаңа ережеде мемлекеттік органдарға Ұлттық бейнемониторинг жүйесіндегі мәліметтерді беру тәртібі де белгіленген.
Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік орган қажетті ақпаратты алу үшін жүйенің үйлестірушісіне сұрау жолдап, оған цифрлық ақпарат тасымалдағышты қоса беруі керек.
Үйлестіруші сұрау түскеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде ақпаратты беруге заңды негіз бар-жоғын тексереді.
Ақпаратты беруге заңды негіз болған жағдайда сұрау операторға жолданады. Оператор тиісті мәліметтерді мемлекеттік органға береді.
Ал заңды негіз болмаса, үйлестіруші бас тарту себебін түсіндіріп, жауап жолдайды.
Үйлестірушінің шешімімен сұраулар мен жауаптарды электронды түрде рәсімдеуге де болады.
Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жаңа ережелері 2027 жылғы 3 қаңтардан бастап қолданылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақтелеком» компаниясы Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің операторы болып белгіленгенін хабарлаған едік.