ҰҚК қызметкерлерін шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарынан шығару тәртібіне өзгерістер енгізілді
АСТАНА.KAZINFORM – ҰҚК төрағасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығымен ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін әскери, арнайы оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығару қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, халықаралық келісімдерге сәйкес шет мемлекеттердің оқу орындарында білім алып жүрген қызметкерлер оқу процесінен шығарылған жағдайда, кадр қызметі мынандай шараларды атқарады:
— курсанттар мен тыңдаушыларға қатысты қызметтен босату және жеке құрам қатарынан шығару туралы бұйрық рәсімдейді;
— магистранттар мен докторанттарды атқарып отырған қызметінен босатып, бастапқы жолданған бөлімінің бастығы қарамағына беру туралы ұсынысты тиісті кадр бөлімшесіне жолдайды;
Шет мемлекеттердің білім беру ұйымынан тыңдаушыны оқу процесінен шығару туралы бұйрық шықаннан кейін, кадр бөлімшесі оқу шығындары бойынша нақты жұмсалған қаражаттың жиынтық есептемесін әзірлейді.
Сонымен қатар әскери жоғары оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарылған және шарт жасаудан баст тартқан азаматтар, егер олар белгіленген мерзімді әскери қызметті өтемеген болса, жергілікті әскери басқару органдарына әскерге шақырылушылар ретінде есепке қойылады және заңда белгіленген тәртіппен әскери қызмет өткереді.
Әскери жоғары оқу орындарының кадр бөлімшелері тыңдаушының әскери оқу орнынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымынан шығарылғаны туралы бұйрық шыққан күннен бастап бес жұмыс күн ішінде ҰҚК Кадрлар департаментіне хабарлайды.
Бұйрық 2025 жылғы 13 қазаннан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстанда тегін заң көмегін көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілген еді.