ҰҚК «Іле Су» кәсіпорнының басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысындағы «Іле Су» мемлекеттік кәсіпорнының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

ҰҚК «Іле Су» кәсіпорнының басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр
Фото: instagram.com/ile_su_

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облысы Іле ауданы әкімдігіне қарасты «Іле Су» ШЖҚ МКК басшысы Жандос Жұрыновты ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Ондағы мәліметтерде Жұрыновтың пара алды деген күдікке ілінгені айтылған.

Осыған байланысты Kazinform агенттігі ҰҚК-ге ресми сауал жолдады. Ведомство аталған лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — делінген ҰҚК ресми жауабында.

Еске салайық, 2024 жылы «Іле Су» кәсіпорнында заң бұзу деректері анықталған еді. Сол кезде әлеуметтік желілерде кәсіпорын басшылығы өмірде жоқ адамдарға жалақы төлегені туралы ақпарат тарады.

Кейінірек Алматы облысы әкімдігі жүргізген аудит бұл деректерді растады.