10:10, 27 Ақпан 2026 | GMT +5
ҰҚК Шекара қызметі 60 млн теңгелік темекі контрабандасының жолын кесті
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанға заңсыз әкелінген 150 мың қорап темекіні тәркіледі.
— А.ж. 19 ақпанда «Сыпатай батыр» автокөлік өткізу пунктінде ҰҚК Шекара қызметі ел аумағына 150 мың қорапта акцизсіз темекі әкелу әрекетінің жолын кесті. Ұсталған тауардың алдын ала құны 60 млн теңгені құрайды, — деп хабарлады ҰҚК-нен.
Темекі бұйымдары автокөлік цистернасының жасырын орнында жасырылған. Жүк ілеспе құжаттарсыз жүрген.
Осы фактіге қатысты материалдар процестік шешім қабылдануы үшін тергеу бағыты бойынша құзыретті органға берілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда 8 келі метамфетамин тәркіленіп, күдікті қамауға алынған еді.