ҰҚК Шекара қызметі темекі контрабандасының ірі партиясын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — 8 маусымда Жамбыл облысындағы «Қарасу» автомобиль өткізу пунктінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ірі көлемдегі темекі өнімдерін әкелудің жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі  мәлім етті.

ҰҚК Шекара қызметі темекі контрабандасының ірі партиясын анықтады
Фото: ҰҚК

Жүк автокөлігінің жасырын жеріне 360 мың қорап темекі өнімдерін тығу арқылы Қазақстан аумағына заңсыз алып өтпек болған.

Контрабанда
Фото: ҰҚК

— Алдын ала бағалау бойынша алынған темекі өнімдерінің құны 180 млн теңгеден асады. Ұсталған тауар одан әрі тексеру жүргізу үшін тиісті органға тапсырылды, — делінген хабарламада.

Жыл басынан бері ҰҚК Шекара қызметі темекі өнімдерін заңсыз алып өтудің 93 фактісінің жолын кесті, олардың жалпы құны 386 млн теңгені құрады.

Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК Алматы әуежайында 21 кг марихуана алып өтпек болған күдіктіні ұстады.