ҰҚК төрағасы: Қылмыскерлер Ақтөбедегі балалар лагерінің күзетіне оқ атқан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов Мемлекет басшысына Ақтөбе облысындағы антитеррорлық операцияның осы кезеңге дейінгі нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, қылмыскерлер қазір Ақтөбе облысының аумағында жүр. Бүгін таңертең олар балалар лагерінің күзетіне оқ атқан.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қазіргі уақытқа дейін 13 қылмыскердің көзі жойылып, 14-і жараланғанын айтты. Бұдан бөлек, дайындық кезеңінде қылмысқа қатысудан 20 адам бас тартқан, олар анықталып, жауап алынды. Қазіргі кезде 6 адам іздестірілуде, қолда бар ақпарат бойынша, олар Ақтөбе облысының аумағында жүр.

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысындағы террористік әрекеттерге қатысы бар адамдарды ұстап, тұтқындау жұмыстарын тиімді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.  

«Біз олардың сол өңірде екенін білеміз, жеке бастарына қатысты мәліметтер белгілі, халыққа ескертілді. Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қарсылық көрсеткен жағдайда көздерін жою керек. Барлығы ең қатал жазаға тартылуға тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар