ҰҚК жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен жоғары білім берудің білім беру бағдарламасын іске асыратын ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери және арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

курсанты
Фото: ҚР ҰҚК

Өзгерістерге сәйкес, ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр бөлімшесі жолдаманы бекіткеннен кейін:

- 10 жұмыс күні ішінде БАҚ-та, ақпараттық тақталарда және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми интернет-ресурсында өтініш беру мерзімі мен қажетті құжаттар тізімі туралы хабарландырулар орналастырылады;

- тұрғылықты жері, оқуы немесе қызмет орны бойынша кандидаттардың кәсіби жарамдылығы тексеріледі, іріктеу және арнайы тексеру жүргізіледі.

Кандидаттар оқу тілі көрсетілген өтініш немесе рапортты ҰҚК органдарына тұрғылықты жері, оқуы немесе қызмет орны бойынша оқу жылының 10 қаңтарына дейін тапсырады.

Мерзімді әскери қызметін өтеген және арнайы мемлекеттік органдардың әскери бөлімдерінде конкурстық іріктеуден өткен азаматтар демобилизациядан кейін бір жыл ішінде ҰҚК Шекара қызметінің кадр бөлімшелеріне Ұлттық қауіпсіздік органдарының ЖОО-ға түсу үшін өтініш береді.

Оқу жылының 20 мамырына дейін ҰҚК органдарының кадр бөлімшелері қалыптастырылған жеке істі оқу орындарына жолдайды. ЖОО жеке істің талапқа сәйкестігіне тексереді (Шекара академиясына түсетіндерге арналған арнайы тексеру материалдарынан және ҰҚК академиясы қалыптастырған істерден басқа, істі ҰҚК кадр департаменті тексереді).

Емтиханға кез келген қағаз немесе деректерді сақтау немесе жеткізуге арналған электрондық құрал алып кіруге тыйым салынады. Бұрмалау фактісі анықталған жағдайда акт жасалып, емтихан нәтижесі жойылады.

Қабылдау туралы шешім Ұлттық қауіпсіздік органдарының ЖОО-ның ақпараттық тақталарына орналастырылады, сондай-ақ ауызша қабылдау комиссиясы мүшелері немесе кадр бөлімшелері арқылы хабарланады.

Қабылдау кандидаттардың рейтингі негізінде жүзеге асырылады:

- жоғары білім беру бағдарламалары бойынша ҰБТ балының және кәсіби іріктеу көрсеткішінің жиынтығы негізінде (мерзімді әскери қызмет өтеген және арнайы органдарда конкурстық іріктеуден өткен азаматтардан басқа);

- қысқартылған оқу мерзімі бар бағдарламалар бойынша қорытынды кәсіби іріктеу көрсеткіші негізінде.

Мерзімді әскери қызмет өтеген және арнайы органдарда конкурстық іріктеуден өткен азаматтар үшін квота белгіленеді. Атап айтқанда, шекара академиясына жоспарланған қабылдау көлемінің 10%-нан аспайды, ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясына - 5%.

ҰҚК академиясына түсуден үміткерлер қосымша кәсіби жарамдылық тексерісінен өтеді және эссе жазады.

2025 жылғы 19 қыркүйектен бастап ҰҚК академиясына түсу кезінде балл тең болған жағдайда басымдыққа ие болады:

- «Алтын белгі» иегерлері;

- патриотизм мен азаматтық белсенділігі үшін белгімен марапатталғандар;

- кемінде бір жылдық еңбек өтілі бар колледж түлектері;

- халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың (I–III дәрежелі дипломы бар), сондай-ақ президенттік және республикалық олимпиадалардың биылғы жеңімпаздары;

- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жастар;

- үздік диплом иелері.

ҰҚК Шекара академиясына түсу кезінде басымдық беріледі:

- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;

- екі жылдық әскерге дейінгі дайындықтан «жас сарбаз» немесе «жас айбын» ретінде өткендер (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап);

- қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған әскери қызметшілердің балалары;

- кемінде 15 жыл қызмет атқарған әскери қызметшілердің, сондай-ақ 20 жылдан кейін (теріс себептер бойынша босатылғандардан басқа) қызметтен босатылғандардың балалары;

- «Алтын белгі» иегерлері;

- соңғы 3 жылда халықаралық және республикалық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыс жеңімпаздары (I–III дәрежелі диплом).

Бұйрық 2025 жылғы 26 тамыздан бастап, жекелеген нормалары 2025 жылғы 1 шілдеден, 2025 жылғы 19 қыркүйектен және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Таяуда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінде кадрды іріктеу қалай жүргізіледі, қандай мамандықтар сұранысқа ие деген тақырыпты қозғаған едік. 

Соңғы жаңалықтар