Үкімет 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекітеді
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекітеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
– Жалпы бірқатар заң мен заңнамалық актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіру қажет болады. Бұл туралы Әділет министрі толық баяндады, ұсыныстарын қолдаймын. Үкімет тарапынан «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заңдардың қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 15 сәуірге дейін конституциялық заңдардың жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізуді тапсырамын, - деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, Конституцияға сәйкес, кейбір өңірлердің жедел экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Осыған байланысты Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қарауды жеделдетіп, Мемлекет басшысына наурыз айының соңына дейін қол қоюға ұсыну қажет.
– Президент «Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекітуіміз керек. Әділет министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жоспар жобасын әзірлеп, 1-ші сәуірге дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырамын. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жоспарды іске асыру бойынша жан-жақты әрі түбегейлі шараларды қабылдасын, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Үкіметте жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдары талқыланды.