Үкімет басшысы БЖЗҚ қаражатын инфрақұрылымға тарту мүмкіндігін түсіндірді
Үкімет индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым салаларында қаржыландыруды қажет ететін ірі жобаларды қарастырып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені энергетикалық инфрақұрылымға инвестициялау мүмкіндігі жайлы сұрады.
«Бұл қаражаттың қайтарымдылығына Үкімет қандай кепілдік береді?», - деп сұрады журналистер.
«Зейнетақы қорының міндеті – салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету және ұлғайту. Бұл ретте, зейнетақы қоры тиісті инвестициялық стратегияны қабылдады. Салымшылардың активтерін тек осы қаражатты кез келген кіріс әкелетін бағыттарға салу арқылы көбейтуге болады. Осы инвестициялық стратегияға сәйкес, зейнетақы қоры нарықтық қағидаттар бойынша активтердің көлемін ұлғайтуға екпін қойып отыр», - деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, қазір Үкімет индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым салаларында қаржыландыруды қажет ететін ірі жобаларды қарастырып жатыр. Осы ретте әртүрлі қаржыландыру көздерін, соның ішінде зейнетақы қорынан да қаражат қарастырылып отыр.
«Қазір біз қаражат тарту шарттарын Ұлттық банкпен бірге пысықтап жатырмыз. Үкімет қарыз алатын болса, ол өз қарыздары үшін бұл қаражатты республикалық бюджет есебінен, квазимемлекеттік сектор есебінен өтеуді қамтамасыз етеді. Сондықтан Үкімет қарыз алса, ол мемлекеттік қарызда көрсетіледі. Бұл қарыз өтеу бюджетте белгіленеді. Атап айтқанда, Үкімет қарыз жөнінде міндеттеме алса, онда бұл қарыздарды өтеу үшін қаражат қарастырылады. Бұл ретте, қаражаттың қайтарылуы міндетті түрде қамтамасыз етіледі», - деді Әлихан Смайылов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарынан 1,5 триллион теңге инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы мүмкін екені хабарланған еді.
Осы орайда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікір білдірді.