Үкімет қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығын пысықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығын пысықтайды. Сондай-ақ, Үкіметтің келер жылға арналған заң жобалау жоспары бекітіледі.
Таяуда Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Тұрлыжан Әйтенов келесі жылдың 6-22 ақпаны аралығында Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 23 лицензия бар екенін айтқан болатын. Оның 2-еуі - мәнерлеп сырғанаудан, 9-ы – шорт-тректен, 12-сі – конькимен жүгіруден. Қалған спорт түрлері бойынша іріктеу әлі жалғасып жатыр.

Лицензиялық турнирлердің басым бөлігі қаңтар айының соңына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде Қазақстан жалпы 90-ға жуық лицензияға қол жеткізуі мүмкін. Алайда Олимпиадаға баратын спортшылар саны лицензиядан әлдеқайда аз болады.
– Бір спортшы бірнеше қашықтықта немесе бірнеше дисциплинада өнер көрсете алады. Мысалы, шорт-тректе 4 спортшы барып, 9 лицензияны пайдаланады. Сондықтан шамамен 30–35 спортшы Олимпиадаға аттанады деп жоспарлап отырмыз, – деген еді министрлік өкілі.
Биатлон, шаңғы жарысы, фристайл-могул және фристайл-акробатика секілді спорт түрлерінен лицензиялық іріктеу әлі аяқталған жоқ. Әлем кубоктары біткен соң халықаралық рейтинг жарияланып, үздік спортшылар Олимпиада жолдамасын алады. Ал ұлттық құрамалардың дайындығы маусым бойы Еуропада өтетін әлем кубоктары арқылы жүргізілді. Олимпиадаға спортшылар жарыс басталардан бір апта бұрын барып, жергілікті климатқа бейімделеді.
Мемлекет тарапынан Олимпиада жүлдегерлеріне қомақты сыйақы қарастырылған:
- алтын медаль үшін – 250 мың доллар
- күміс үшін – 150 мың доллар
- қола жүлдеге – 75 мың доллар төленеді.
- Тіпті 5-орынға дейін ынталандыру сыйақысы бар.
Өтіп бара жатқан жыл ішінде Үкімет 19 заң жобасын әзірлеуді көздеген болатын. Жоспарланған 19 заң жобасының 6-ауы жаңа редакциядағы заң жобалары, 13-і қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізеді. Олардың ішінде банктер туралы, құқық бұзушылықтың алдын алу туралы, сонымен қатар республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негізде әзірленетін заңдарды Мәжіліс қабылдады.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ауқымды дамытуға, жедел әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін технологиялық жағынан қарапайым, тез іске асырылатын жобаларға бағытталған.
Бағдарламаның басымдығы қосылған құнның жергілікті тізбегін, орнықты өндірістік базаны және ұзақ мерзімді экономикалық әсерді қалыптастыратын ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайханалар, сүт және ет жартылай фабрикаттары, тамақ өндіру, ағаш өңдеу, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру, қолөнер және өзге де бағыттар саналады. Негізгі тәсілі — өңірлік әлеуетті және қажеттіліктерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың басым салалардың қосымша тізбесін қалыптастыру арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін өңірлерді ортақ жауапкершілікке тарту.
Бағдарламада өңірлік экономиканың құрылымын көрсететін субсидиялау лимиттерінің екі деңгейлі жүйесі көзделеді. Бірінші деңгей — Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін бюджеттің 30 пайызына дейін субсидия бөлу. Екінші деңгей — қалған өңірлерге субсидиялар бюджетінің 70 пайызына дейін бөлу. Екі деңгей бойынша қаржыландырудың қолжетімділігі кредиттің бүкіл мерзіміне негізгі борыш сомасының 80 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдіктерін беруді қоса алғанда, субсидиялау және кепілдік беру тетіктерінің үйлесімімен қамтамасыз етіледі.

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, бағдарлама өңірлерде тұрақты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған және экономикалық даму мен бюджеттік орнықтылық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
— Бұдан басқа, «Іскер аймақ» бағдарламасына қатысушылар Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жарақтандыру мен қайта жарақтандырудың жаңа бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болатынын атап өткім келеді. Лизинг бойынша бағдарламаны іске асыру 2 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігі мен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қаржыландыру қосымша кепілсіз жүзеге асырылады, — деді ол.
Қаржы министрі Мәди Такиев салықты әкімшілендірудің сервистік моделі қазіргі жүйеден несімен ерекшеленетінін айтты.
— Негізгі тәсіл — «бақылау үшін ғана бақылау» саясатынан кетіп, салық төлеуші жүйеге тіркелген сәттен бастап оның бүкіл қызметіне сервистік сүйемелдеуге көшеміз. Бұл Мемлекеттік кірістер комитетінің екінші деңгейдегі банктердің және басқа да цифрлық арналардың платформаларында электрондық сервистер мен интеграцияларды дамыту арқылы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: декларацияларды алдын ала толтыру және автоматты түрде декларациялау; салық есебін беру мерзімінің басталуы сияқты маңызды оқиғалар туралы push-хабарламалар жіберіп отыру; мемлекеттік бажды автоматты түрде қайтару немесе салықтарды есепке жатқызу сияқты жекелеген процестерді «өтiнiшсiз» форматта көрсету көзделіп отыр, — деді министр.
Сонымен қатар ол 2026 жылдың 1 қаңтарында салықпен тікелей жұмыс істейтін мамандарға арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталатынын атап өтті.
Осы орайда Бухгалтерлер одағының төрағасы Мереке Жұматов «Халық бухгалтері» бастамасына тегін үлес қосатындарын мәлім етті.
— Біз Қаржы министрлігінің бастамасын қолдаймыз және өз ресурстарымыз бен аудиторияларымызды, онлайн алаңдарымызды, тәлімгерлерімізді ақысыз негізде ұсынамыз. Біздің аккредиттелген оқу орталықтарымыздың Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып бизнесті кезең-кезеңмен дайындауға арналған жол картасын әзірлеп жатыр, — деді ол.

Премьер-министр Олжас Бектенов Бухгалтерлер одағының бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын әзірлеу ұсынысына қолдау білдірді.
— Бүгін Бухгалтерлер одағы бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөнінде игі бастама көтерді. Мемлекеттік органдарға бұл процесті толық қолдап, жәрдем көрсетуді тапсырамын. Жұмыс барлық жерде, тіпті ауыл-аймақтарға дейін жүргізілуге тиіс. Бухгалтерлер одағы, салалық қауымдастықтар мен ұйымдар мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдіктердің қажетті инфрақұрылымын пайдалана алады, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы салық органдарының міндеті – қателіктер үшін жазалау емес, қателеспеуге көмектесу екенін ескертті.
Қаржы министрлігіне «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
— Қаржы министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етсін. Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлу үшін аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін қалыптастырсын. Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға алуына мүмкіндік жасаған жөн, — деді Үкімет басшысы.