Үкімет отандық өндірісті дамыту мәселесін талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Күн тәртібіне отандық өндірісті дамыту мен қолдау шаралары шығарылып отыр.

Негізгі баяндаманы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жасайды. Ол биыл 4 айдағы өңдеу өнеркәсібі көрсеткен нәтижелерге тоқталады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтеді.
Өңдеу өнеркәсібін қолдаудағы тиімді құралдардың бірі – реттелетін сатып алулар жайында сөз қозғап, 5 айдағы көрсеткіштерге басымдық береді. Мұнан бөлек, өңірлерге инвестиция тарту және шағын-орта бизнесті қолдауға бағытталған шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасына да назар аудартады.

Айта кетейік, биыл шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар.
Өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді.
Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Қожахметов қатысады.
Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде көрсетіледі.

Айта кетейік, 27 мамырда өткен Үкімет отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі пысықталған еді. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша, шамамен 110 миллион тонна көмір өндірілді. Оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор 8,6 миллион тонна, энергия және жылу өндіруші кәсіпорындар 66 миллион тонна, өнеркәсіп секторы 6 миллион тоннамен қамтамасыз етілді. Экспортқа 30 миллион тонна көмір шығарылды. Өткен жылы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор 7,9 млн тонна көмір тұтынады деп жоспарланды және барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтылып, жоспар 101 пайызға орындалған.

− Республикалық штабтың «Қазақстан темір жолы», жергілікті атқарушы органдармен және көмір өндірушілермен бірлескен жұмысы арқылы көмір тұрақты жеткізілді. Қоймалар мен теміржол тұйықтарында шамамен 350 мың тонна көмір қоры бар. 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға, ҚТЖ және көмір компанияларына жолданды, − деді министр.
Сонымен қатар отырыста Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елімізде биыл іске қосылатын энергетика саласындағы бірқатар қуат көзіне тоқталды.
— Биыл біз 620 МВт энергия көлемін іске қосамыз: оның 166 МВт дәстүрлі энергетика, «Тұлпар» электростансасында 130 МВт, Текелі Жылу орталығында 36 МВт. Оған қосымша жаңартылатын энергия көздерінің 9 объектісін (455 МВт) биыл іске қосамыз. Барлық жоба бақылауда, - деді ол.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов облыс басшылары мен министрлерге мынандай 5 нақты тапсырма берді:
- Өңір әкімдіктері барлық конкурстық рәсімді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі керек. Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмыстарды тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет. Әкімдер жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуы және барлық туындаған тәуекел бойынша шұғыл әрекет етуі тиіс.
- Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын нақтылауы қажет. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толықтай әзір болу керек.
- «KEGOC» компаниясы Энергетика министрлігімен бірлесіп, 15 маусымға дейін алдағы жылыту маусымында ұлттық маңызы бар станцияларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуі қажет. Жөндеу мерзімдерін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмейді. Әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады.
- Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен тұйықтарда отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
- Үкімет Аппараты өңірлердің жылыту маусымына әзірлік барысына тұрақты негізде бақылау жасап, Премьер-Министрге тиісті ақпарат беріп отыруы керек.