Үкімет Салық кодексін енгізу жөнінде жобалық кеңсе құрады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша жұмыс тұрақты бақылауда. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Үкімет
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, Кодекс қабылданған сәттен бастап, жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Барлық 20 өңірде 130 мыңға жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылды. 1500-ге жуық сұрақ түсіп, олар бойынша түсініктемелер берілді. Тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілген.

– Кодекске қол қойылған сәттен бастап 1400-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде биылғы жыл басынан бастап 205 өтініш келген. Бизнес сұрауларының көпшілігі қолданбалы негізде, яғни салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау және жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелері, – деді С. Жұманғарин бүгінгі Үкімет отырысында.

Жұмысты жеңілдету мақсатында Үкімет жанынан Салық кодексін енгізу және реттеуші ортаны жеңілдету жөніндегі жобалық кеңсе құрылады. Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің бірыңғай ұстанымы қалыптасатын үйлестіру нүктесіне айналмақ.

– Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады. Жобалық кеңсе Салық кодексінің жаңа нормаларына ешқандай қайшылықтар мен ақаусыз, біркелкі, болжамды және келісілген түрде көшуді және реттеуші ортаны жеңілдетуді қамтамасыз етеді. Жоспарлаған шаралар халықтың әл-ауқатының артуымен қатар жүретін одан әрі орнықты әрі сапалы өсу үшін негіз жасайды, – деді Ұлттық экономика министрі.

Еске сала кетсек, кеше Президент V Ұлттық құрылтайда Салық кодексі – қасиетті жазба еместігін, қажет болса, оған да өзгеріс енгізуге болатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар