Үкімет жылу энергетикасында кімдердің жауапкершілігі күшейетінін нақтылады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр еліміздегі жылу-энергетика жүйесін жөндеу нәтижесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

тэц
Фото: Kazinform

«2029 жылға қарай Үкіметтің алдында инженерлік инфрақұрылым мен жылу энергия көздерінің тозуын кем дегенде 15 пайызға төмендету міндеті тұр. Биыл «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы басталды. Біздің ойымызша, бұл – ең тиімді бағдарлама. 2023 жылы біз осы салаға шамамен 220 млрд теңге жеке инвестиция тартып, қысқа дайындық барысында 6 мың шақырымға жуық инженерлік инфрақұрылым мен 77 жылу энергия көзін – ЖЭО, ГРЭС және әртүрлі қазандықтарды жөндедік. Сонымен қатар, осы саладағы 200 мыңға жуық жұмысшының жалақысы едәуір өсті. Бұл осы нысандардағы жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Р. Скляр сенаторлардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, бұл саладағы цифрландыру маңызды аспектіге айналды

«Биыл желтоқсанда жылу электр энергетикасының цифрлық платформасын іске қосамыз. Онда біздің жылу энергия көздеріміздің барлық электронды төлқұжаты (паспорты) имплементацияланады. Бұл режимде инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау мүмкіндігі болады. Жауапкершілікті күшейтуге келсек, бұл – өте маңызды мәселе. Біз тиісті түзетулер әзірлеп жатырмыз, жақын арада оларды Мәжіліске енгіземіз. Олар табиғи монополиялар субъектісінің, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды орындау және жабдықтарды сапалы жөндеуге қатысты бірінші басшының жауапкершілігін күшейтуге бағытталады», - деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар