Үкіметке жалпы көңіліміз толады, бірақ олқы тұстар бар - Елнұр Бейсенбаев

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform

аманат партиясы
Фото: видеодан алынған кадр

«Бізде 20 өңірде арнайы жасалған бағдарламалар және бір республикалық бағдарлама топтамасы бар. 20 өңірлік бағдарламаның жүзеге асуына 5 жылда 30 трлн теңге қаражат кетеді. Оның ішінде жергілікті бюджет бар, республикалық трансферттер бар, өңірлердің инвестициялық жобалары да соның ішіне кіреді. Оған қоса республикалық бағдарламамыз бар. Оның аясында жыл сайын мемлекетте қаралып жатқан бюджеттің шамамен 45-50 пайызы осы Amanat партиясының бағдарламасын орындауға бағытталады», - деді Е. Бейсенбаев Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.

Партия өкілі биылдан бастап жаңа саяси дәстүр қалыптасқанын, Парламентте көпшілік дауысқа ие болған, яғни сайлауда айқын жеңіске жеткен саяси партияның өкілдері енді Үкімет басшысын ұсынатынын еске салды.

«Біз Үкімет басшысын ұсындық. Тек қана ұсынып қоймай, осы шақырылымның басталуының алдында, Жолдауға бір күн қалғанда Үкімет басшысы біздің фракцияға келіп, Amanat бағдарламасының орындалуы, қай жерінде олқы тұстар бар, қай жердегі уәделерімізді орындай алмау қаупі бар деген сұрақтарды талқылады. Үкіметке жалпы көңіліміз толады, бірақ олқы тұстары да бар. Өткенде өзіміздің сынымызды айттық, сын болмаса да жұмыс жүрмейді. Иә, айтылатын мәселе көп. Мысалы МӘМС жүйесі қоғамдағы үлкен дертке айналды. Жол тораптарының құрылысы, Алматы-Астана арасындағы, Атырау-Астрахан арасындағы үлкен жолдардың салынбауы, мектеп құрылысының уақытылы аяқталмауы секілді проблемалар бар. Біздің ақпаратымыз бойынша, 50-ден асқан мектептердің жөндеу жұмысы тұралап қалған, біз оны бақылауға аламыз», - деп түсіндірді Елнұр Бейсенбаев. 

Соңғы жаңалықтар