ҰҚШҰ-ның 2026 жылға арналған жоспары қандай

МӘСКЕУ. KAZINFORM - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығында 2026 жылғы қызметтің басым бағыттары, ҰҚШҰ Әскерлерімен (Ұжымдық күштерімен) жоспарланған бірлескен оқу-жаттығулар кешені, сондай-ақ 2025 жылы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдары мен күштері және құралымдарын бірлесіп даярлау қорытындылары талқыланды.

ОДКБ
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Андрей Сердюков атап өткендей, 2025 жылы штабтың жұмысы қалыптасқан ахуалды және мемлекеттер басшылары мен қорғаныс министрлері қойған міндеттерді ескере отырып құрылды.

Штабтың, Хатшылықтың, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен ведомстволарының жұмысы нәтижесінде мемлекеттер басшылары 2026-2030 жылдарға арналған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастығын дамыту жоспарын бекітті.

Аталған құжатта алдағы бес жылдық кезеңге арналған коалициялық әскери құрылыс іс-шараларының кешені айқындалған.

Өткен жылы 2025 жылға арналған Бірлескен даярлық жоспары толық көлемде орындалды. Барлығы 61 іс-шара өткізілді. Олардың қатарында консультациялар, штабтық келіссөздер, жеке және бірлескен штабтық жаттығулар, оқу-жаттығулардың жоспарларын әзірлеу және келісу бойынша жұмыс кездесулері, өткізу аудандарын барлау, сондай-ақ бірлескен және арнайы оқу-жаттығулар бар.

Негізгі іс-шара – ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен ведомстволарының жедел топтарының қатысуымен Біріккен штаб пен Хатшылықтың стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы болды. Оның аясында дағдарыстық жағдайларға ден қою шараларының кешені пысықталды. Аталған жаттығу наурыз айында өтті.

Өткізілген оқу-жаттығулардың қорытындысы бойынша, Ресей Қарулы Күштерін қолданудың жауынгерлік тәжірибесін басқару органдары мен Ұжымдық күштер құралымдарын даярлау үдерісіне енгізу мақсатында Біріккен штабта әдістемелік ұсынымдар әзірлеу аяқталды. Бұл ұсынымдар Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарына ағымдағы жылы бірлескен оқу-жаттығуларды даярлау және өткізу барысында пайдалану үшін жолданады.

Спикердің айтуынша, 2026 жылға арналған Бірлескен даярлық жоспары бекітілді, Ұжымдық күштердің ұлттық контингенттерінің құрамы нақтыланды және олардың жедел өрістетілуін жоспарлау құжаттары айқындалды.

Барлығы 60 іс-шара өткізу көзделген, оның ішінде 8 командалық-штабтық (бірлескен) және арнайы оқу-жаттығу бар:

• наурызда – Біріккен штаб, Хатшылық, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен ведомстволары жедел топтарының стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы;
• қыркүйекте Қазақстан аумағында – Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел өрістету күштері бөлімшелерімен «Рубеж-2026» бірлескен оқу-жаттығуы;
• қыркүйек–қазан айларында Ресейде – Ұжымдық жедел ден қою күштерімен «Взаимодействие-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы, барлау күштері мен құралдарымен «Поиск-2026» арнайы оқу-жаттығуы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша «Эшелон-2026» арнайы оқу-жаттығуы;
• қазанда Тәжікстан аумағында – «Кобальт-2026» және «Скала-2026» арнайы оқу-жаттығулары; Беларусь аумағында – Бітімгерлік күштермен «Нерушимое братство-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мен медициналық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен құрамамен «Барьер-2026» арнайы оқу-жаттығуы.

Сондай-ақ стратегиялық командалық-штабтық жаттығу барысында Ұжымдық күштердің барлық құрамдас бөліктерін қолдану мәселелері пысықталатыны атап өтілді. Бақылаушылар ретінде Терроризмге қарсы орталықтың, ТМД Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметінің және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Хатшылығының өкілдері қатысады.

Стратегиялық жаттығу барысында пысықталған құжаттар алдағы бірлескен оқу-жаттығулардың тұжырымдамаларының негізіне алынады.

Айта кетейік, Мәжіліске ҰҚШҰ-ға қатысты құқықтық базаны жетілдіру туралы құжаттар енгізілді.

Соңғы жаңалықтар