Үлескерлер үрейі: кейбір тұрғын үй құрылысының проблемаға айналу себебі неде

АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті атқарушы органдар мониторинг жүргізіп құрылысы проблемаға алып келуі мүмкін 99 нысанды анықтады.

строительство, гаражи, құрылыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Істің мән-жайын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Ерлан Күлішев тарқатып берді.

— Бүгінде республика бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында 42 проблемалық нысан бар, оларды 2026 жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың мониторинг жүргізу нәтижесінде 99 құрылыс нысаны анықталып отыр. Оларға жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі берілмеген. Аталған құрылыс нысандары болашақта проблемалық объектілер қатарына өтуі мүмкін, — деді Ерлан Күлішев елордада «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жиында.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі кейбір тұрғын үй құрылысының проблемаға айналу себебін атады. 

— Проблемалық нысандардың пайда болуына бірқатар құрылыс компанияның азаматтық құқықтық қатынасқа сілтеме жасап, жеке тұлғалармен брон, инвестицияға қатысты түрлі шарттар жасасуы себеп болып отыр. Мұндай шарттар азаматтардың құқығы мен мүддесін тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде нысанды тапсыру мерзімі кешігеді, сапасыз құрылыс және үлескерлердің шығынға батуына алып келеді, — дейді министрлік өкілі.

Еске салайық, биыл 30 сәуірде Мәжіліс үлескер ақшасына тұрғын үй салу ережесін жетілдіретін заңды қабылдады

12 маусымда Сенат үлескерлікті реттеп, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтатын заңдарды қарады

Соңғы жаңалықтар