Ұлыбритания Иранның ядролық нысандарына АҚШ-тың соққыларын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM Ұлыбританияның Премьер-министрі Кир Стармер АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Стармер Иранда ядролық қару жасаудың ықтимал дамуы төндіріп отырған қатердің маңыздылығын атап өтіп, оны жоюға бағытталған АҚШ-тың әрекетін қолдады.
— Иранның ядролық бағдарламасы халықаралық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді. Иранға ядролық қару жасауға ешқашан рұқсат берілмеуі керек, ал АҚШ бұл қатерді жою үшін тиісті шара қабылдады, — деп жазды Стармер «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Өз мәлімдемесінде Стармер өңірдегі жағдайды тұрақтандырудың маңыздылығына да тоқталып, Тегеранды дипломатиялық келіссөздерге оралуға шақырды.
— Таяу Шығыстағы жағдай әлі де тұрақсыз. Өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету басты міндет. Біз Иранды келіссөздер үстеліне қайта отыруға және бұл дағдарысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық шешім табуға шақырамыз, — деді ол.
Британдық The Telegraph газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған әуе шабуылдарына қатыспаған, алайда премьер-министр Стармер бұл операция жоспарлары туралы алдын ала хабардар болған.
Бұған дейін Иран өзінің ядролық нысандарына АҚШ-тың жасаған соққыларына жауап бергені туралы хабарланған.
Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) бұл әрекет Иран мен Израиль арасындағы зымыран және дрон шабуылдарының одан әрі ушығуына әкеліп, қақтығыстың Таяу Шығыста толыққанды соғысқа айналғанын мәлімдеді.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, ядролық қарудың таралуына жол бермеу мақсатында келісім әзірлеуді жедел қолға алуға шақырды.